"Ақмола облысы бiлiм басқармасының Жарқайың ауданы бойынша бiлiм бөлiмi Тассуат ауылының негізгі орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение"Основная средняя школа села Тассуат отдела образования по Жаркаинскому району управления образования Акмолинской области"

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Эссе. «Заманауи мұғалім»

19.11.2021

Эссе. «Заманауи мұғалім»

 

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың  баласы  бас  қосcа,  қадірлі   орын   мұғалімдердікі» деген қазақтың кемеңгер ақыны М.Жұмабаев. Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі жақынырақ болуына ықпал

етіп, адамзат  қоғамын  алғаапаратын  құдіретті  күш  тек  білімге ғана тән.

«Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  деп  қалай  дәл  тауып  айтқан. Ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  болары  анық.

2001 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік институтының «филология» факультетінен «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын игеріп, жоғарғы білімді маман атандым. Тассуат орта мектебіне (сол кездегі атауы) мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Мектеп  ұжымынан әрбір  ұстаздың  бойында  болатын  төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы  қасиеттерді  бойыма  сіңірдім. Тәжірибелі   ұстаздармен  қатар  еңбек  етіп, баланың  бойына  ақыл – білім  дәнін  сеуіп,  аялап,  көңілін  табуды,  алаламай  сүйе  білуді  үйрендім. Ол кісілердің еңбектерін өзімнің болашағыма үлгі еттім.

Әкем марқұм анамызға өз жыр жолдарын арнап, соны әнге қосып бізді жұбатады екен. Сол кезде құлағыма сіңсе керек, мектеп қабырғасынан шимайлап шағын жыр шумақтарын жаза бастады. Бірақ, ұлы ақындардың өлеңін оқығанда, есейе келе, өзімдікінің бәрі жай шимай деп ойладым. Алайда көңілім қалаған әдебиеттен қол үзбедім. Өлеңді де аңда-саңда шығарып тұрамын. Ондағы жетістіктерімде бар. «Отау тв» ұйымдастырған ақындар жүлдесін ұтып алдым. Алайда  өзімнің ақындықтан гөрі ұстаздыққа жақын екенімді білемін. Өз шәкірттерімді де көбіне шығармашылық жұмыстарға баулимын. Елеш Аида, Ахат Сабина сынды талапты, талантты шәкірттерім өз жетістіктерімен үнемі қуантып отырады. Елеш Аида ұстазының жолын қуып , қазіргі таңда  Еуразия гуманитарлық институтының  қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқып жатыр. Ұстаздан шәкірт озар демекші, оқушыларымның биік шыңдарды бағындыратына сенемін. Алдымдағы шәкірттерімді өзімнің достарымдай, сырластарымдай жақын тартым, олар бір нәрселерді бірлесіп шешіп немесе ақыл-кеңес сұрағанда, мен өзімді олардың екінші анасындай сезінемін. Олардың жеңісі мені бақытқа бөлейді. Осы бақытымды өмір бойы аялап өтуге тырысамын. Жан – Жак  Руссоның  «Ұстаз  болу  –  өз  уақытыңды  аямау,  басқаның  бақытын  аялау»  деген  нақыл  сөзі жаныма  өте  жақын. «Қыран  түлегіне  қайтпас  қанат  сыйлайды, ұстаз  шәкіртіне  талмас талап  сыйлайды»  демекші,  мұғалім қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның  тірегі.

Жаһандану  заманында  ұлттық  бәсекеге  қабілетті  болудың  көрсеткіші – білім  деңгейімен  өлшенеді.  Мен  ұстаздықтың  ауыр  жүгін  арқалауды  өз  жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның  пікірімен  санасу,  оқушының кішкентай  қуанышын,  табысын  бағалай  білу.

Біздің елімізде қазіргі таңда білім беру ісіне аса назар аударылуда. Жаңа  ғасырда  ғылымның,  техниканың,  өндірістің  қарқындап  өсуі  білім  берудің  барлық  жүйесін  жүйелі  дамытуды  талап  етіп  отыр,  жаңа  мүмкіндіктерге  жол  ашу  үшін  іргелі  өзгерістер  керек. Өзгерістер болып та жатыр. Заман ағымынан қалмай АКТ-ны толық игердім десем де болады.

АКТ - ның негізгі мақсаты – оқушыны қазіргі қоғам сұранысына сай, өзінің өмірлік іс - әрекетінде дербес компьютердің құралдарын қажетті деңгейде пайдаланатын жан - жақты дара тұлға ретінде тәрбиелеу. Білім беруде АКТ - ны пайдалану мен оқушылардың құзіреттілігін қалыптастыру, қазіргі заман талабына сай. АКТ - ны, электрондық оқулықтарды және интернет ресурстарды пайдалану оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. АКТ - ны сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды.

Әрбір ұстаздың алдына келген бала да әртүрлі ойлау қабілетінде болады, мысалы кейбірі шапшаң ойлап, тез жұмыс істесе, кейбірі тақырыпты баяу қабылдап, оған тапсырманы (тақырыпты) қайтадан қарап шығу тиімді болып табылады. Осы орайда АКТ құралдарын пайдалана отырып презентация құралдары арқылы сипаттап, артынан осы материалдарды флеш - карталарына салып берудің тиімділігін білеміз.

Видео - сабақтарды қолдану мен презентацияларды демонстрациялау оқу құралы ретінде қиялды, абстрактілі ойлауды, оқытылатын оқу материалына және пәнге қызығушылықты арттырады. Видео - сабақтар педагогикалық технологияның алға басқан тағы бір қадамы. Оқушылардың ақпаратты теледидар, компьютер және т. б. техникалық құралдардың көмегімен жақсы қабылдайтынын жақсы білеміз.

Ойымды қорытындылай келе, Американ философы, әрі педагогы Джон Дьюи айтуына сүйенсем мәселерге ерекше көңіл аудару оқушылардың табиғи әуесқойлығын оятып, оларды сыни тұрғыдан ойлауға итермелейді. «Нақты бір мәселені қарастырып, қиын жағдайдан шығудың жолын өзіндік іздеу арқылы оқушы шын мәнінде ойланады» деген екен. Оқушыларға  АКТ – ны пайдаланып, ой еркіндігін, дербес ойлауын дамыту керек деп ойлаймын.

            Осындай  жаңа  даму  үрдісі  алға  басып  отырғанда  Елбасы Н.Назарбаев  «Болашақта  еңбек  етіп,  өмір  сүретіндер  – бүгінгі  мектеп оқушылары,  мұғалім  оларды  қалай  тәрбиелесе,  Қазақстан  сол  деңгейде болады.  Сондықтан  ұстазға  жүктелетін  міндет  ауыр» – деген  еді.  Біз  осы  елбасымыз көрсетіп берген міндетті орындауымыз керек. Ол үшін үнемі білімімізді жетілдіріп, түрлі ақпарат көздері арқылы іс-тәжірибе алмасып отыруға тиіспіз. Заман талабына сай өнегелі, әрі білімді азамат тәрбиелеу жан-жақты дамыған, өнерлі, білімді мұғалімнің құзырында.

 

Просмотров: 227


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст